20 қаң, 2021 сағат 10:40

Елордада карантинге қарамастан балалары ойын клубтарында жүрген 111 ата-ана жазаланды

Нұр-Сұлтан қаласының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы тәртіп бұзу мен қылмыстың алдын алу мақсатында үнемі тексеру жүргізіп тұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері ювеналды қызмет полицейлері кәмелет жасына толмаған балалардың түнде ойын-сауық мекемелері мен көшеде жүргені үшін 111 заңды өкілді жазалады. 

Жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде жүргеніне ата-ана ғана емес, мекеме басшысы да жауап береді. 

Өткен жексенбіде полицейлер әкімдік пен Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы өкілдерімен бірлесіп 23:00-де Абылай хан даңғылында орналасқан «R the Room» компьютер клубында 17 жастағы жасөспірімнің болғанын анықтады. 

Ойын-сауық мекемесінің басшысы ҚР ӘҚБтК 132-бабы бойынша жауапқа тартылып, оған айыппұл салынды. Сондай-ақ карантин тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту мақсатында мекеме басшысына қатысты материал жиналып, Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жіберілді. 

Полиция департаменті кәмелет жасына толмаған балаларға 22:00-6:00 аралығында ойын-сауық мекемелеріне баруға, ал 23:00-6:00 аралығында көшеде заңды өкілінсіз жүруге тыйым салынатынын ескертеді. Бас санитария дәрігерінің қаулысымен компьютер және ойын клубтарының қызметі мүлдем тоқтатылған. 

Полиция департаменті балалардың 22.00-ден кейін бақылаусыз көшеде жүргені үшін және субъектілердің карантин ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертеді.