
Елорданың кейбір көңіл көтеру орындары карантин режимін жиі бұзып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрамында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, елорда әкімдігі өкілдері, волонтерлер мен полиция қызметкерлері бар мобильді топ күшейтілген тәртіпте карантин режимін бұзушыларды анықтап жатыр. Көңіл көтеру орындары иелері мен келушілер тарапынан жүйелі бұзушылықтар орын алып, санитарлық талаптар сақталмайды және қала тұрғындарына қауіп төндіруде. Коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл болатын бірқатар алдын алу іс-шарасы көрсетілген қолданыстағы қаулыға қарамастан, «Панаехали» барының карантин режимін тағы да бұзғаны анықталды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, 14 желтоқсан күні түнгі сағат 01:40-та аталған көңіл көтеру орнында 30 қонақ болған. Олар музыка ырғағына би билеп, санитарлық нормаларды және әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған. Сонымен қатар сол түні «Шишка» лоундж-барында 30 адам көңіл көтерген. Аталған лоундж-бар осымен 7-інші рет карантин режимін бұзып отыр.
Жалпы, тәулік ішінде мобильді топтар шамамен 170 нысанға тексеру жүргізіп, карантин режимін бұзудың 6 фактісін анықтады. Жиналған материалдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.
