17 там, 2020 сағат 19:01

Елордада кафе, барлар карантин кезінде түнде қонақ күтіп, кальян сатқан

Елордада қатаң карантин енгізілгеніне қарамастан тәртіп бұзып, қоғамға қауіп төндіріп отырған нысандар саны аз болмай шықты. Олардың арасында тіпті бір рет ескерту жасалғанымен заңсыз әрекетке қайта жалғастырғандар да табылып жатыр.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің өкілдері арнайы жүргізген тексеру барысында осындай көптеген жәйттерді анықтаған. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, карантин талаптарын бұзған нысандар арасында монша, кафе-барлар, техникалық қызмет көрсету станциялары болған. 

«Бұдан бөлек, келушілерге кальян ұсынатын ойын-сауық орындары анықталды. 7 шілдеден бастап Қазақстанда мейрамханаларда, кафелерде және басқа да қоғамдық мекемелерде кальян шегуге тыйым салатын заң күшіне енді. Енді кальянды тек үйде ғана шегуге болады. Қаладағы «Шишка» лаундж-барында мекеме басқарушысы клиенттерге кальян ұсынып, бардың қызметкері мен қонақтарына қатысты ҚР ӘҚБК 441-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тексеру кезінде бөлмеде 30-дан астам клиент болған. Аталған нысанның карантин режимін бірнеше рет бұзғаны анықталды. Сондай-ақ 13 тамызда «Алматы» ауданының жедел тобы «Пряник» мейрамханасында түнгі уақытта карантин режимінің бұзылғанын және кальян шегу фактісі орын алғанын анықтады. Мекеме иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 441-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды»,-делінген хабарламада. 

Сондай-ақ онда темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі мен кальян тұтынатын адамдарға шара қолданбағаны үшін иесіне 25-тен 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Күн сайын құрамына әкімдік, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, Алматы ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері кіретін жедел топ кәсіпкерлік нысандары бойынша рейдтер жүргізеді. 

«Олар 14 тамыз күні сағат 22:00-ден 01:00 аралығында шағын және орта бизнестің 6 нысанында карантин шараларының бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, «Carlife» техникалық қызмет көрсету станциясы, «Офицерский» сыра бары, «Baramysh» павильоны, «Хоттабыч» саунасы, «Пряник» мейрамханасы және «Шишка» лаундж-бары карантин режимін бұза отырып жұмыс істеген. Барлық жиналған материалдар ҚР ӘҚБК 425-бабы бойынша процессуалдық шешім қабылдау және жауапқа тарту мақсатында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді»,-деп хабарлады баспасөз қызметі.