23 шіл, 2020 сағат 15:14

Елордада COVID-19 жұқтырғандар саны едәуір азайды – маман пікірі

Дәрігерлердің пікірінше, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін қала әкімдігі қабылдаған шаралар оң нәтиже беруде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Қазақстан» спорт кешенінде орналасқан ПТР тестілеудің модульдік зертханасындағы нәтиже дәлел бола алады. Зертхана меңгерушісі Юлия Третьякованың айтуынша, күн сайын зертханада 800-ге жуық тест жасалады. 

«Біз 21 маусымда жұмысты бастадық. Бірінші аптада жалпы тест санының 47%-ы ауруды растаған нәтиже берді. Бүгінде тек 20%-ы ғана расталды. Яғни, COVID-19 жұқтырғандардың саны едәуір төмендегені байқалады. Демек, карантин бойынша қабылданған барлық шаралардың нәтижесі болды», – дейді Ю.Третьякова. 

Дәрігердің айтуынша, тест нәтижелері бір күн ішінде дайын болады. Науқастар өз емханаларында ПТР анализ тапсырады, содан кейін материал зертханаға жеткізіледі. Анализ қорытындысы электронды нұсқада емханалардағы емдеуші дәрігерге немесе стационарға бірден түседі.

«Біздің зертханада 20 адам қызмет етеді. Мұнда дәрігерлер, орта медициналық қызметкерлер мен еріктілер бар. Өте үлкен жұмыс көлемі операторларға жүктеледі. Себебі анализдерді жан-жаққа жіберу, электронды нұсқасын жасау және уақытылы беру қажет. Сондай-ақ, ең қауіпті болып саналатын бірінші бокста биологиялық материалдарды қабылдау жүргізіледі, бізге волонтерлер көмектеседі», – деп атап өтті мобильді ПТР-зертханасының меңгерушісі.