25 қыр, 2020 сағат 09:22

Елордада бірнеше саябақты жалғайтын велосипед жолы салынды

Елордадағы Президент бағы, Триатлон бағы мен Есіл жағалауы велосипед және жаяу жүргіншілер жолымен қосылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есболов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қалада ауқымды саябақтарды біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол бақтар: Триатло, Президент бағы және Есіл өзенінің жағалауы. Қала басшылығының тапсырмасымен біз екі айдың ішінде осы бақтарты велосипед және жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың көмегімен біріктірдік. Қазіргі уақытта бақтардың аумағы спорттың кез келген түрінен сайыс өткізуге мүмкіндік береді», - деді Бектенбай Есболов «Астана – адалдық алаңы» Facebook парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып. 

Оның айтуынша осы бақтардың жалпы аумағы 250 гектарды құрайды. 

«Салыстыру үшін айта кетейін: Лондондағы Hyde Park аумағы 142 гектарды, ал Нью-Йорктағы Central Park аумағы 341 гектарды құрайды. Сонымен бірге елордада біріктірілген үш бақтың газонды аумағы 1,9 млн шаршы метрге жеткізілді. Бұл – жалпы Алматы ауданындағы газонды аумақтың үштен екі бөлігіне тең. Ал велосипед жолының қашықтығы – 20 шақырым», - деді ол.