
Нұр-Сұлтанда биіктігі 6 метрлік эко-шыршаны тоқу бойынша флешмоб бастау алды. Бүгінде челленджге еліміздің бүкіл өңірінен еріктілер жұмылуда. Бұл туралы елорда әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы хабарлады.
«Карантиндік шектеулер мен оқшаулау қол қусырып отыруға себеп емес. Үйде отырып, шығармашылықпен айналыса аласыз, өмір бойы армандаған нәрсені үйрене аласыз. Тоқылған жылы шырша адамдарды біріктіреді – жаңажылдық атмосфераны тудырып, 2021 жылды жұмыла қарсы алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті акция ұйымдастырушысы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

«Биыл бізге Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Біз тоқыма жіп сатып алдық. Демеушілер де пайда болады. Бұл жолы акцияға Петропавл, Атырау және Тараз қосылды. Бүкіл Қазақстан шыршаны жұмыла тоқып жатырмыз. Сонымен қатар, мектептер де қатысуда. Біз қазір «Қолдау« қоғамдық бірлестігімен жұмыс істеп жатырмыз, олар қазірдің өзінде мектептерге шеберлік сыныптарын ұйымдастыруда», - деді Рахима Мұқышева.

Жаңа жылға арналған ерекше шырша бөлшектеліп тоқылып, кейін біріктіріледі. Оған барлық азамат қатыса алады. 19-25 желтоқсан аралығында күн сайын сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін «Бәйтерек» монументінің ішінде барлық санитарлық нормалар сақтала отырып, тоқудан шеберлік сыныптары өткізіледі.
«Құрақ көрпе стиліндегі эко-шырша» жобасы дағдарыс кезеңіндегі өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Олардың бірі – жастарды, әсіресе аз қамтылған, жұмыссыз, мүгедек және әлеуметтік осал топтардың басқа да санаттарындағы жастарды оқуға, қосымша табыс табуға, үйден жұмыс істеуге, шағын өндірісті және креативті экономиканы дамытуға ынталандыру. Сонымен қатар, тоқу жұмыстары пайдалы демалыс сыйлап, стресс пен депрессияны жеңілдетуге көмектеседі.

Тоқыма жіптен жасалған жаңа өнер туындысының биіктігі 6 метр болмақ. Тоқыма әшекейлерді жасауға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйлері, қоғамдық қорлар қатысады. Шыршаны безендіруге арналған заттар да 20/20 сантиметр түрлі-түсті тоқылған квадраттардан жасалған.
Жоба аясында шырша бөлшектерін ең көп тоқыған рекорд иесі анықталатын болады. Сондай-ақ құнды сыйлықтар мен лотерея ойнатылады.
Флешмобты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Путь мастерства» қоғамдық қоры мен «Берген» әлеуметтік шеберханасы ұйымдастыруда. Жоба «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Қазақстандағы еріктілер жылына арналған.

