Полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтанда өзіне қол жұмсамақ болған адамды құтқару операциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қала тұрғыны «102» арнасына хабарласып, Жансүгіров көшесіндегі жылу құбырларының аркасында ер адамның отырғаны және оның секірмек ойы бар екендігін айтқан. Құрамында полиция аға лейтенанты Руслан Абдықалықов және полиция лейтенанты Ролан Атабаев бар патрульдік полицияның экипажы оқиға орнына бірінші келген. Аркада мас күйіндегі ер адамды көреді. Ол төменге түсуден үзілді-кесілді бас тартып, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Бір жарым сағатқа созылған құтқару операциясы барысында ер адамның сүйіктісімен ұрыс-керіс болғаны анықталды. Осылайша, ол жақсы көретін адамының назарын өзіне аударғысы келген», - делінген Полиция департаменті мәліметінде.
Оқиға орнында полицейлермен бірге төтенше жағдайлар қызметкерлері және жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Ер адам мен құтқарушыларды құлап кетуден сақтау үшін үрленген құтқару жастығы арканың астына төселген.
«Жігіттің туыстарымен де телефон арқылы хабарласып, олар арқылы төменге түсуге көндіргісі келген еді, бірақ еш нәтиже болмаған. Қызметкерлер оған жылу жолының құбыры арқылы жақындап барды. Сосын инспектор Руслан Абдықалықов оны ұстап қалуға тырысады, алайда екеуі бірдей құтқару батутына бірге құлаған. Сонымен қатар, адамды құтқаруда полиция қызметкерлеріне Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының санитары Жандос Сапаров көмек көрсеткен. Аталған орталыққа жатқызылған 27 жастағы жігітке медициналық және психологиялық көмек көрсетілді», - деп аталып өткен хабарламада.