20 шіл, 2020 сағат 11:21

Елордада балабақшалардың жұмысы қашан жанданады?

Нұр-Сұлтан білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елордада мектепке дейінгі білім мекемелерінің жұмысы қашан жанданатынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бас санитар дәріг ердің қаулысымен мектепке дейінгі білім ұйымдарының жұмысына шектеу қойылған болатын. Бұл ретте кезекші топтардың жұмыс режимі елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Яғни, жұмыс режимі Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысымен айқындалады. Ата-аналарға мектепке дейінгі білім мекемелерінің жұмысындағы өзгерістер туралы қосымша хабарлаймыз», - деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен баспасөз мәслихатында. 

Еске сала кетсек, бұған дейін басқарма басшысы елордада жаңа оқу жылында 202 мың оқушы қашықтан оқитынын хабарлаған еді. 

«2020-2021 оқу жылында елорда бойынша 202 мың мектеп оқушысы болады деп күтілуде. (Өткен жылы - 182 279). Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 12 453 өтініш берілді. Құжат қабылдау электронды үкімет Egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде мектептерде жүргізіліп жатыр», - деді Шолпан Қадырова.