Елордада ауруханаға өкпе қабынуымен түсетін науқастар саны 7 есе азайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның дерегінше, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының стационарында коронавирус пен өкпе қабынуынан 343 адам ем алып жатыр.
«5 шілдеден бастап ауруханаға жатқызылған науқастардың саны індеттің өршуі кезіндегі 4 мыңнан 343 адамға немесе 10 есе азайды. Тиісінше төсек қорының жүктемесі 99 пайыздан 17,2 пайызға дейін кеміді. Стационарлардағы КВИ расталып, ауруханаға жатқызылған науқастар саны 2000-нан 137-ге дейін 14 есе, ал өкпе қабынуымен 1333-тен 198-ге дейін 7 есе азайды», - деді Тимур Мұратов.
Елордада коронавирус індеті таралуының басылуына байланысты КВИ-мен күреске жұмылдырылған денсаулық сақтау нысандарының саны қысқарып жатыр.