Астанада қала тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз біреу оның «Спаниель» тұқымды итін ұрлап кеткені туралы ақпарат берген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы ПД Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астаналық сақшылар тұрғынының үй жануарымен серуендеп келе жатып, итін кіреберістегі темір торға байлап дүкенге кірген сәтін бенебақылау камерасынан байқаған. Ит иесі дүкеннен шыққан сәтте итінің орнында жоқ екенін аңғарған.
Байқоңыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында бұрын ұрлық қылмысы бойынша іс қозғалған 48 жастағы қала тұрғынын анықтаған.
Бейнежазбада көрсетілгендей қаскүнемнің итті белгісіз бағытқа қалай алып кеткені, кейінірек ақша табуды ұйғарып, оны белгісіз жас жұбайларға сатқаны да белгілі болған.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оның елордада осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", - делінген хабарламада.