04 қаз, 2017 сағат 12:55

Елордада Астана медиа апталығы өтіп жатыр

Astana Media Week продакшн компанияларға телеарналармен байланысуға бірегей мүмкіндік береді. Мұндай пікірді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің телеарналар продакшн компаниялардың контенттерін зерделеу жұмыстарына белсене қатысқанын қалаймын. Қазіргі уақытта продакшн компаниялардың телеарналар басшылығына шығуы өте қиын екендігін де білемін. Көптеген кезеңнен өтуге тура келеді. Ал бұл шара телеарналармен және студиялармен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігі. Бүгін продакшн компаниялар өз өнімдерін бізге тікелей таныстыра алады», - деді медиаапталықтың ашылу рәсімінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген министр.  

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің отандық продакшн студиялардың өзге елдермен салыстырғанда қаншалықты дамығандығына қатысты сауалына жауап берді. «Меніңше, ресейлік брендтермен салыстыру дұрыс бола қоймас. Нарық мүлдем басқа. Бүгінгі шараға 93 продакшн студияның қатысып жатқанына таң қалдық. Бізде мұншалықты көп студияның бар екендігін де білмедік. Сондықтан да бұл шара аталған саланың дамуына тың серпін берері сөзсіз», - деді Дәурен Абаев.  

Министр «Қазмедиа» орталығы дамудың алғашқы кезеңінен табысты өтіп, бүгінде барлық студиялары жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Енді бұл жұмыстарға көршілеріміз, серіктестеріміз белсене қатысқанын қалаймыз. Біздің шетелдік серіктестеріміз келіп, осынау алаңды, студияларды  фильмдер түсіруге пайдаланғаны жөн болар еді. Бұл өзара іс-қимылға жақсы болады. Әрине, оның барлығы ақылы негізде жүргізіледі. Біз «Қазмедиа» орталығында олардың одан әрі дамуына мүмкіндік береміз», - деді ол.