11 қаң, 2021 сағат 11:22

Елордада 70 мыңға жуық оқушы үшінші тоқсанды мектептен оқиды

 

Нұр-Сұлтанда үшінші тоқсанда 70 мыңға жуық оқушы дәстүрлі форматта білім алатын болады, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Бүгін оқу жылының үшінші тоқсаны басталды. Бұған дейін жазғанымыздай қаладағы жекелеген мектеп ғимараттары 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында дауыс беру учаскелері ретінде пайдаланылды. Сайлау өткеннен кейін білім ғимараттарында дезиинфекциялық жұмыстар басталды.

Соған орай, 11 қаңтарда астананың барлық оқушысы онлайн форматта оқыды. Өзге өңірлерде сынды елордада оффлайн оқу 12 қаңтардан басталады. Үшінші тоқсанда 1-5 сынып оқушылары «кезекші сынып» режимінде оқуын жалғастырады. Сонымен қатар осы тоқсаннан бастап бітіруші – 9, 11, 12-інші сыныптар «кезекші сыныптар» қағидаты бойынша аралас форматта (15 адамнан артық емес) оқиды.

«Оффлайн сабақтар кестесіне инвариантты компонент пәндері кіреді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы. Бұл – оқу пәндерінің 70% құрайды. Қалған 30% пәндер — информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негіздері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық қашықтан өтеді. Мектептер икемді кестелер әзірлейді, сабақтар арасындағы өзгерістер әртүрлі сыныптар үшін түрлі уақытта өтеді, әлеуметтік қашықтық үшін ауысымдар мен кіші ауысымдар көбейеді. Бір сабақтың уақыты 5 минуттық үзіліспен 30 минуттан аспайды. Үшінші тоқсанда 70 мыңға жуық оқушы мектепке барады», - деп нақтылады елорда әкімдігінен.