05 қар, 2020 сағат 10:25

Елордада 40 мыңнан астам оқушы кезекші сыныпта оқыды – Бірінші тоқсан қорытындысы

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова оқу жылының бірінші тоқсанын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші тоқсан қашықтан оқыту форматында өткенін білесіздер. Сонымен бірге, ата-аналардың өтінішімен бастауыш сынып оқушылары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, кезекші сыныпта оқыды. Қала мектептерінде 1-4 сыныпқа дейін барлығы 3 011 кезекші сынып ашылып, онда 40 мыңнан астам оқушы білім алды. Ал қашықтан оқыту үшін білім ұйымдары синхронды және асинхронды сабақтар өткізетін отандық Online Mektep, Daryn.online интернет платформаларын пайдаланды», - деп атап өтті басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен брифингте. 

Оның айтуынша, 79 мектеп Online Mektep платформасында, 32 мектеп – Daryn.online платформасында жұмыс істеген. 29 мектеп – екі платформаны да пайдаланған. 

Одан бөлек, қашықтан оқыту форматын жүзеге асыру үшін Microsoft Teams, Google Meet, EduPage және тағы басқа платформалар пайдаланылды. 

Барлық педагогтар мен оқушылар Microsoft Teams тегін аккаунттарымен қамтамасыз етілді. Және мектептерде асинхронды сабақ өткізу үшін Kundelik.kz порталы белсенді қолданылған. 

«Алғашқы тоқсанда кезіккен мәселе – қашықтан оқыту форматында бір сыныптағы мұғалімдердің әртүрлі платформада жұмыс істеуі болды. Бұл оқушылардың сабаққа қосылуын қиындатты. Осыған байланысты мұғалімдерге қосымша семинарлар өткізілді және мәселе шешілді. Енді әр сынып тек бір платформада жұмыс істейді», - деді Шолпан Қадырова.