14 жел, 2020 сағат 10:10

Елордада 2 өрт салдарынан екі адам қаза тапты

Кеше елордада орын алған 2 өрт салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда 24 мыңнан астам жеке тұрғын үйді аралап, тұрғындармен өрт қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмысы жүргізілді. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, тұрғындардың барлығы бірдей қауіпсіздік ережесін сақтай бермейді. Жылыту маусымындағы өрттің шығу себебінің бірі пештердің өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай пайдаланылмауы болып отыр. Бұл ретте қала тұрғындары мен қонақтарына жылу пештерін шамадан тыс қыздырмауға кеңес береміз. Яғни, пешті тәлік ішінде 1 рет емес бірнеше рет жаққан абзал екенін ескертеміз», - деді ол. 

Оның айтуынша, мектептер мен балабақшалар жұмысына енгізілген шектеуге байланысты балаларды үйде жалғыз қалдырмау керек. Жанып жатқан пешті балаларға бақылап отыруға тапсырмаған жөн. 

«Сонымен қатар тұрғындар үйлерін жылыту үшін электр жылытқыштарды пайдаланады. Мұндай құралдарда қызған кезде автоматты түрде өшіретін реттегіші болуы және радиаторында май болуы тиіс», - деді Еркін Отарғалымұлы.

Басқарма бастығының дерегінше, кеше ғана елордада 2 өрт тіркеліп, 2 адам қаза тапқан. Бірінші оқиғада ішімдікке мас болған ер адам темекі шегіп жатып ұйықтап кетсе, екіншісінде өрттің шығуына жанып тұрған майшам себеп болған.