12 там, 2021 сағат 20:40

Елорда тұрғыны лифт ақауынан жазым бола жаздады


Елордадағы Highvill тұрғын үй кешенінің лифтінде ер адам тоққа түсіп жазым бола жаздаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана – Что? Где? Когда?» Telegram-каналының жазуынша, курьер жігіт Highvill тұрғын үй кешенінің тұрғынына тапсырыс бойынша гүл апарып, төмен түсу үшін лифтке кіреді. Шығар сәтте лифтегі екі адам батырманы қатар басқан. Осы кезде курьер қасындағы адамды тоқ соғып, денесі бір сәт жансыз қалғанына куә болған. Жігіт оның қолын тоқ соққан батырмадан қораппен ұлғылап жүріп ажыратады. 

«Абырой болғанда ол мені тоқтан ажыратып үлгерді. Ал мен дәрменсіз күйде қиналып жаттым. Артынша естен танып ауруханаға түсіппін. Тоқ кері серпіген кезде сәтсіз құласам керек, қос иығым шығып, екі жауырыным сынып кетіпті», – деп еске алады зардап шегуші.

Ол лифттегі ақауға жауапты адамдарға шара қолдануды талап етіп отыр. 

Академик Батпенов атындағы ортопедия және травматология ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі лифтте тоққа түскен науқастың жағдайы туралы мәлімет берді. Оны Досбол Ғалым есімді дәрігер емдеген екен.

«Науқас біздің орталыққа 7 тамыз күні тұрақты жағдаймен түсті. Екі иығы шығып кеткен еді. Емдік және дәрі-дәрмектік процедуралар түгел жасалды. 4 күн дәрігерлердің бақылауында болды. Кеше үйге шығарылды», - деп мәлімет берді медициналық ұйымның баспасөз қызметі. 

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті осы оқиға бойынша тергеу бастаған көрінеді.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы 1-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайын түгел анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері басталды», - деп жазды ведомствоның баспасөз қызметі. 

Осы тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалып отыр. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.