22 қаз, 2020 сағат 19:25

Елорда тұрғыны көлігінің капотына жармасқан бұрынғы әйелін көшеде сүйреген

Елорда тұрғыны көлігінің капотына жармасқан бұрынғы әйелін қала көшелерімен сүйреткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«KIA Cerato» көлігінің капотына келіншегін отырғызып, елорда көшелерін кезген қала тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғалды. 

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, отбасылық драма түн ортасында Гете көшесіндегі вокзал маңындағы алаңнан басталған. Көлікте сөйлесіп отырған ерлі-зайыптылардың арасында жанал туындаған. 

Әйелдің айтуынша, машинадан шыққан кезде салонда құжаттарының қалып қойғаны есіне түскен. Ал күйеуі есікті ашпай, қозғала бастаған. Сол сәтте келіншек көлік капотына секіріп, жатып алған. Бұған да қарамаған күйеуі жүрісін жалғастырып, тіпті жылдамдық арттыра бастаған.

Капотқа жабысқан әйелді көрген өзге жүргізушілер оны тоқтатуға тырысқанымен, «KIA Cerato» иесі жылдамдықты төмендетпеген. Тіпті, өзге көліктерді басып озған. Алайда, басқа көлік иелері оған тосқауыл қоя білді. 

«Жедел басқару орталығы бейнебақылау камерасының көмегімен түнгі қуғынды байқап қалып, оқиға орнына автопатруль полициясының экипажын жіберді. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жүргізуші мен әйелді полиция басқармасына жеткізді. Бұрынғы ерлі-зайыптылар өзара мән-жайды анықтағаннан кейін, бір-біріне талаптары болмады. Әйел зардап шеккен жоқ. Аталған факті бойынша «KIA Cerato» көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабы 1-бөлігімен әкімшілік өндіріс қозғалды«, - деп атап өтеді департаменттен. 

Нұр-Сұлтан қалалық ПД басшылығы жолда қайғылы жайттың орын алуына жол бермеген өзге жүргізушілерге ризашылығын білдіріп отыр.