14 қаз, 2020 сағат 14:38

Елорда полицейлері өртке оранған үйден 60 адамды құтқарды

Елорданың полиция қызметкерлері өрт шыққан көппәтерлі тұрғын үйден 60-қа жуық адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін таңертеңгі сағат 09-10-да Сарыарқа даңғылын патрульдеп жүрген Нұр-Сұлтан қалалық ПД Патурльдік полиция полкінің аға лейтенанты Талғат Намазбаев көппәтерлі тұрғын үйдің 7 қабатындағы терезенің бірінен өрт шығып жатқанын байқайды. Полицей Жедел басқару орталығына өрт жайында бірден хабарлап, өзі терезе түбіне көмек көліктері кедергісіз кіруі үшін аумақты тазарту жұмысына кіріседі. Үш минуттың ішінде өрт орнына аға лейтенат Нұрболат Мұқамедия мен полиция капитаны Қуаныш Декманов жетеді. Олар жедел жоғары көтеріліп, түтін басқан пәтерден тұрғындарды қауіпсіз жерге шығара бастайды», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметінен. 

Ведомство мәліметінше, 37 жастағы келіншек пен ең кішкентай 1 жастағы, ал үлкені 14 жастағы 4 кәмелетке толмаған бала болған. Полицейлер оларды далаға шығарғаннан кейін өрт сөндірушілердің келуін күтпестен, үй тұрғындарын қауіпсіз жерге әр пәтердің есігін қағып, адамдардың далаға шығуына көмектескен. 

«Пәтерлердің бірінде үйде жалғыз қалған 6 жасар бала болған. Полицейлер баланың ата-анасымен хабарласып, олар келгенше есіктің сыртынан оның көңіл аулаған. Тағы бір пәтерде үйде жалғыз қалған бала ұйықтап жатқан. Дегенмен, ол есікті өзі аша алып, полицейлер баланы далаға алып шықты. Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі ұтымды әрекеттерінің арқасында қайғылы жайт орын алған жоқ және азаматтардың өмірі сақталды. Айта кетерлігі, полиция қызметкерлеріне Айнабек есімді қала тұрғыны да көмектесіп, адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға қолғабыс тигізді», - деді департаменттен.