05 қар, 2020 сағат 11:15

Елорда оқушылары күзгі каникулды қалай өткізеді?

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова оқушылардың күзгі каникулында қандай шаралар өтетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тағы бір маңызды тақырып – оқушылардың бүгіннен бастап 15 қарашаға дейін созылатын күзгі демалыстарын өткізу. Күзгі демалыс «Қазақстан балалары – күзгі интерактив» атты ұранмен өтеді. Осы мақсатта әр мектепте іс-шаралар жоспары жасақталды. Осы жоспар бойынша құқық қорғау ұйымдарының кеңестері, Қазақстанның ЖОО мен колледждеріне виртуалды саяхаттар, челлендждер, танымал спортшылармен кездесу, 3Д модельдеу және робот құрастыру бойынша шеберлік сыныптары, қолдан жасалған бұйымдар мен суреттер көрмелері өткізіледі», - деп атап өтті басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен брифингте . 

Карантиннің қатаңдауына байланысты барлық шаралар онлайн форматта өткізіледі. 

«20 қазан мен 20 қараша аралығында күзгі демалыс кезінде білім беру ұйымдарында «Бала құқығы – адам құқығы» айлығы өтеді. Іс-шаралар бірінші кезекте оқушыларды құқықтық ақпараттандыруға, шығармашылық және зияткерлік дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылар үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастыруға бағытталған. Ал 1 қарашада «Дұрыс тамақтану мектебі» жобасы аясында қала мектептерінің оқушылары арасында челлендж іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – дұрыс тамақтануды насихаттау. Бұл жас ұрпақты салауатты және мықты болып өсуге көмектесетін жақсы әдеттер мен дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі», - дейді Ш. Қадырова. 

Әлеуметтік желілерде «Бес асыл іс» қайырымдылық челленджі басталды. Шараның негізі мақсаты – балалардың жақсылық жасауға ұмтылысын ояту. 

«Сонымен бірге, күзгі демалыста қосымша білім беру ұйымдары өз жұмысын 10 оқушыдан аспайтын кезекші топтарда алдын-ала жазылу бойынша штаттық режимде сағат 9-дан кешкі 18:00-ге дейін, онлайн режимде – белгіленген кестеге сәйкес жалғасыратынын айтқым келеді. Ал жалпы білім беру орталықтарында орналасқан қосымша білім беру ұйымдарының филиалдары мен коммюнити-орталықтардың жұмысы карантиндік шаралардың қатаңдауына байланысты тоқтатылды», - деп түсіндірді Шолпан Қадырова.