14 жел, 2020 сағат 13:27

Елорда мәслихатына кандидаттарды партиялық тіркеу қорытындысы жарияланды

Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова елорда мәслихаты депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтіп жатыр. Мәслихаттар депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсыну 2020 жылғы 10 қарашадан 4 желтоқсан аралығында жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен тіркелген 6 саяси партия жіберілген болатын», - деп тоқталды Бақыт Бектемісова онлайн брифингіде. 

Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық сайлау комиссиясына 5 саяси партиядан: «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік филиалынан, «ADAL» Саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалынан, «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалынан, «Ақ жол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалынан, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалынан Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну туралы құжаттар келіп түсті.

«Саяси партиялардың филиалдары құжаттарды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заң талаптарына сәйкес ұсынды. Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталды. Партиялық тізімдерге 88 кандидат енгізілді, оның ішінде: «Nur Otan» – 62, «Ауыл» – 5, «Ақ жол» – 9, «ADAL» – 9, «Қазақстан Халық партиясы» 6 кандидат ұсынды», - деп нақтылады қалалық сайлау комиссиясының төрағасы. 

Сайлау туралы Конституциялық заңы 89-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. Қалалық сайлау комиссиясына ұсынылған партиялық тізімдерде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны - 36, яғни 40,9 пайызды құрады.

«Партиялық тізімдерге енгізілген тұлғалардың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталды. Кандидаттан келіп түскен өтініші бойынша «Nur Otan» партиясының партиялық тізімінен 1 кандидатты алып тастау туралы шешім қабылданды. Осылайша, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың саны 87 адамды құрады, оның ішінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны - 35. Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес, барлық саяси партиялар сайлау жарнасын енгізді. 5 саяси партия филиалдарының партиялық тізімдерін қалалық сайлау комиссиясы тіркеді және олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды», - деді Бақыт Бектемісова.