Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыров мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның сөзіне қарағанда, қала аумағындағы Есіл өзенінің ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Қыс мезгілінде су бетін мұз басқандықтан, бұл тұрғындарға қауіп төндіреді.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Абайлаңыз, жұқа мұз!» және «Мұзға шығуға тыйым салынады!» сияқты арнайы тыйым салатын белгілерін орнатты. Осы орайда 65 белгі қойылды.
Сонымен қатар, қалалық білім басқармасымен өзара іс-қимыл барысында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайдың алдын алуға, үсік шалған кезде алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған интерактивті сабақтар өткізілуде», - деді Е. Байыров елора әкімдігінің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, департаменттің аудандық бөлімшелері қосымша аңшылық дүкендерде рейдтер жүргізді, онда келушілер әрі дүкен әкімшілігі өкілдерімен түсіндіру шаралары өткізіліп, жадынама мен кітапшалар таратылды.
«Мұздың қалыңдығы 10 см-ден кем болмағанда оның үстімен қауіпсіз өту мүмкіндігі бар, адамдар бір-бірінен 5-6 метр қашықтықта жүруі керек. Қарама-қарсы қозғалыс кезінде бірдей арақашықтықты сақтау керек. Егер 4-5 адамнан тұратын топ жиналса, онда сіз қалыңдығы 15 см-ден кем емес мұз бойымен жүре аласыз. Барлық жағдайларда, жағадан мұзға шықпас бұрын, айналаңызды мұқият қарап, қауіпсіз жерлерді таңдап, қозғалыс бағытын белгілеп алу керек», - деді маман.
«Мұздың қалыңдығын аяқпен теуіп тексеруге қатаң тыйым салынады! Мұздың беріктігін тек сүймен немесе таяқ көмегімен тексеруге болады. Егер бірінші соққыдан кейін мұз жарылып, оған су пайда болса, сіз дереу тоқтап, келген ізбен оралуыңыз керек», - деді Есен Байыров.