
Елордада 26 желтоқсаннан бастап кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Басты талап санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталуы тиіс. Осы орайда елорда кинотеатрларының жұмыс істеуге дайындық барысы тексерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінде елордадан өзге өңірлерде бас дәрігердің қаулысына сәйкес кинотеатрлар жұмыс істеп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында кинотеатрлар өз жұмысын бастайды. Барлық кинотеатрларда санитарлық талаптар қатаң сақталатын болады. Атап айтқанда, антисептик пен масканың болуы сонымен қатар арақашықты сақтауға аса мән беріледі. Сондай-ақ, адамдардың тікелей қарым-қатынасын азайту мақсатында көрермендер билеттерді онлайн сатып алады. Кассадан сатып алған жағдайдың өзінде терминал арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар», - деді Қазақстандағы Kinopark және KinoPlexx желілерінің атқарушы директоры Әбдірашид Рахметов тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Бас дәрігердің қаулысына сәйкес кино залдағы көрермендердің сыйымдылығы 30%-дан артық болмауы тиіс.
«Залда бір көрерменнен соң 2 орынды бос қалдыратын боламыз. Яғни арақашықты сақтауға қатаң мән беріледі. Сонымен қатар әр киносеанстан кейін залалсыздандыру жүргізіледі. Одан бөлек, біздің қызметкерлер де санитарлық талаптарды орындайды. Яғни олар міндетті түрде маскамен жүреді және жұмысқа келгенде температурасы тексеріледі», - дейді ол.
Сондай-ақ, кинотеатр өкілі елордалықтарға қандай фильмдер көрсетілетінін айтып берді.
«Астаналықтар биыл шыққан көп жаңа фильмдерді көрген жоқ. Олардың қатарында отандық және шетелдік кинотуындылар бар. Нақты айтқанда, «Любовь на миллион», «Довод», «Мулан», «Базар жоқ Мексика» және тағы басқа. Бағаға келсек, өздеріңіз білесіздер елордада кинотеатрлар 10 ай бойы жұмыс істемеді және бұл бізге оңайға соқпады. Осы орайда баға 20%-ға қымбаттайды. Бірақ, балаларға, студенттерге және зейнеткерлерге жеңілдік қарастырылады одан басқа түрлі акциялар ұйымдастырылады», - деді ол.
