Елорда әуежайында тепловизоры бар смарт-шлем сынақтан өткізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қытайдың KC Wearable технологиялық компаниясы әзірлеген Kc n901 smart helmet маркалы интеллектуалды шлем адамның дене қызуын бірден өлшеуге мүмкіндік береді. Әзірше елорда әуежайына бір данасы берілген және ол ілкі режимде пайдаланылып отыр.
Шлем 5 метр қашықтықтағы дене қызуы жоғары адамды бірден анықтап, оның жақындап келе жатқанын дабыл арқылы білдіреді.
«Оның басты қызметі - термометрия, яғни қызуды өлшеу. Дегенмен, смарт-шлемнің өзге де қызметтері бар. Мәселен, қызметкерлерді қызметтік куәлік арқылы және қызмет көлігін тани алады. Тек оның қызметін баптаса болғаны», - дейді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ медициналық пункті меңгерушісі қызметін атқарушы, дәрігер-терапевт Әбдіғали Шапулатов.
Смарт-шлем өзінің тиімділігін көрсетсе, алдағы уақытта оның саны ұлғаюы да мүмкін.
«Бізден «терминалда жүрген не қылған «робокоп?» деп жиі сұрайды. Тағы да айтамын, бұл - ілкі жоба. Біз әлемдік тәжірибені зерделеп отырамыз және әуежайымызда сынақтан өткізуге шешім қабылдадық», - дейді ол.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ғимарат ішінде залалсыздандыру жұмысы күшейтіліп, санитайзерлер саны артқан.
Сонымен қатар, әр 10-15 минут сайын тазалық жұмысы жүргізіліп отырады. Әуежайда 15 темповизор орнатылған. Олар ұшып келген және ұшып кететін әр жолаушының дене қызуын тәулік бойы өлшеп тұрады.
Тепловизорлардың ақпараты әуежай қызметкерлері қадағалап отыратын басқару пультіне түседі.