13 нау, 2020 сағат 17:41

Еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасыларға әлеуметтік топтама таратылып жатыр

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамту жұмысы жүріп жатыр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Бүгінгі күні көмек алушылардың жалпы саны - 103 мың отбасы. Онда 125 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 44 мың отбасындағы 69 мың балаға немесе 55 пайызына әлеуметтік топтама беріліп үлгерді. 

Облыс орталықтарында әлеуметтік топтамалар ірі сауда желілері мен кәсіпорындар арқылы беріледі.

Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Жамбыл, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарының орталықтарында әлеуметтік топтамаларды қалыптастыру мен беруді «MAGNUM» сауда желісі қамтамасыз етеді. 

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында әлеуметтік топтамаларды «Анвар», «Алтындар», «Көктем», «Империя заботы» сауда желілері және басқа да жеткізушілер ұсынады. 

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік топтама беру ақпан айынан басталды. Әлеуметтік топтаманың құрамына ай сайынғы және тоқсан сайынғы негізде ұсынылатын азық-түлік жиынтықтары мен тұрмыстық химия жиынтықтары кіреді.