06 қаз, 2020 сағат 18:40

Еліміздегі әуежайлар 6,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті

Еліміздегі әуежайлар биылғы 8 айда шамамен 6,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ИИДМ Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылғыдан (11,8 млн. адам) 47% аз. 

«Осы кезеңде 3,2 млн жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың сәйкес кезеңімен (5,6 млн жолаушы) салыстырғанда 43% төмен. Бұған әлемде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстан аумағында әуе рейстерін орындауға енгізілген шектеу әсер етті», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ішкі рейстер, сонымен қатар Оңтүстік Корея, Нидерланды, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Түркия, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет және Ресей сияқты 11 елге тікелей халықаралық жолаушылар рейсі орындалуда.

Барлық рейстер ҚР Көліктегі Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің шараларын қатаң сақтай отырып, орындалады.

«Еліміздің барлық әуежайларында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылып, карантин шаралары (әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу, қолғап кию) сақталады. Әуежай ғимараттарына кіреберісте жолаушылар мен әуежай қызметкерлері арасында қашықтық сақтап, термометрия өлшеу жүргізіледі», делінген хабарламада.