Қазақстанда шығарылатын қалдықтардың 18 пайызы ғана өңдеуге жіберіледі. Қалғаны полигондарға көміліп отыр. Бұл туралы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БҰҰ биыл ғана Қазақстанда жаңа бағдарлама бойынша әріптестікті бастады. 2025 жылға дейін жоспарланған бағдарламаға қоршаған ортаны қорғауға арналған басым бағыттардың бәрі еніп отыр. Соңғы 15 жылда БҰҰ қолдауымен елде 200-ден астам жоба іске асырылды. Жыл сайын Қазақстанда үлкен көлемдегі қатты тұрмыстық қалдық қордаланады.
«Жыл сайын Қазақстанда 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық және 1 млрд тоннаға жуық өнеркәсіптік қалдық түзіледі. Қатты тұрмыстық қалдықтардың 80%-дан астамы полигондарға жөнелтіледі. Соның тек 18%-ы қайта өңделеді. Ол полигондардың көбі стардартқа сай емес. Мемлекет бұл проблеманы шешу үшін қалдықтармен жұмыс істеуде «жасыл» саясатты қалыптастыруға және нығайтуға бағыт алды», - деді БҰҰ өкілі Green energy & Waste recycling forum атты жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі 5-ші еуразиялық бизнес-форумында.
Сондай-ақ, ол бүгін күшіне енген Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы Қазақстанның жасыл экономикаға көшу жөніндегі ұлттық мақсаттарға қол жеткізуіне мүмкіндік ашатынына сенім білдірді.