Елімізде тұрақтылық пен сабақтастықты ұстап тұра алатын Парламент қажет. Мұндай пікірді танымал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сайлау науқаны басталғаны жарияланды. Айта кетерлігі, Мәжіліс сайлауы заңнамамен бекітілген конституциялық мерзімде өтеді. Бұған қоса, 6-шы шақырылған Мәжілістің орташа жасы айтарлықтай жасаруы тиіс. Айталық, 5-ші шақырылған Мәжілістің депутаттық корпусының орташа жасы 56 жасты құрайды. Дегенмен, жаңа өзгертулерге сәйкес, алғаш рет парламенттік тәжірибеде әйелдер мен жастар үшін партиялық тізім бойынша 30 пайыздық квота енгізілетін болады. Бұл олардың елдің қоғамдық-саяси процестеріне барынша белсенді қатысуына септігін тигізеді. Тағы бір жаңашылдық - парламенттік оппозиция институтының енгізілуі. Бұл қадам қазіргі заманғы отандық оппозиция институты қалыптасуының апгрейді үшін демеу болып саналады. Бұған қоса, оппозиция конструктивті әрі таза болуы тиіс», - деп жазды саясаттанушы Facebook парақшасында.
Мәселен, оның атап өтуінше, Германияда «конструктивті оппозиция» термині барынша кеңінен қолданылады. Айталық, елдің сайлауда жеңіліске ұшыраған парламенттік партиясы конструктивті саясат жүргізуге, балама шешімдер ұсынуға, кең ауқымды пікірталастар барысында проблемаларды талқылауға міндетті. Осылайша, парламенттік оппозиция қарсылас емес, халық наразылығының өзіндік амортизаторы рөлін атқаруы тиіс.
«Бұған қоса, мәслихаттардың сайлауы алғаш рет партиялық тізіммен өтеді. Толықтай алғанда, саяси партияларға теңдей өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша мәслихатқа сайлануға мүмкіндік беретін аралас схема жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға жаңа серпін беру қажет. Атап айтқанда, ірі партиялар үшін «сыйлық орын« минимумға төмендеп, шағын партиялар да жергілікті атқарушы органда өкілдік ету мүмкіндігін алады», - деді Қазбек Майгелдинов.
Осы орайда саясаттанушы алдымызда екі айға созылатын сайлау алды науқанының күтіп тұрғандығын атап өтеді.
«Қорытындысы қандай болса да, бұл сайлау саясатта үлкен жүйелілік пен тұрақтылыққа алып келетіндігіне үміт артқың келеді. Бізге қандай да бір тұрақсыздық мүлдем қажет емес. Экономикалық дағдарыс пен пандемия кезеңінде елдің одан ары дамуы үшін маңызды шешімдер қабылдауда тұрақтылық пен сабақтастықты ұстап тұра алатын Парламент қажет», - деді ол.