02 қар, 2020 сағат 09:38

Елімізде проблемалық қарызы өтелген 1,4 млн азаматтың мәртебесі өзгерді

Қазақстанда кредит тарихы нашар қарыз алушыларды оңалту тәсілдері әзірленді. Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасованың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Агенттіктің қаржы нарығына қатысушылармен және «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп, кредит тарихы нашар қарыз алушыларды оңалту тәсілдерін әзірлегенін хабарлаймыз», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, оңалту алгоритмі бұрын проблемалық қарыздарын өтеген 1,4 млн азаматқа «оңалтылды» мәртебесін беруді көздейді. 

«90 күннен астам мерзімі өткен қарыздары бар қарыз алушыларға қатысты оңалтудан өту кезеңдері (оңалтуға өтініш беру, берешекті қайта құрылымдау немесе қарызды қайта қаржыландыру рәсімдерін әзірлеу, қарыз алушы мен кредитор арасында келісім жасау, қарыз бойынша төлемдерді жаңарту) белгіленді. Олардан өту нәтижелері бойынша қарыз алушыға «оңалтылды» мәртебесі беріледі. Оңалту рәсімін шамамен 600 мың борышкер пайдалана алады», - деді агенттік төрайымы.