14 нау, 2020 сағат 07:44

Елімізде мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істей алады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер өз үйінде қашықтан жұмыс істей алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы, елімізде 7300 мектеп бар. Сол мектептерде балаларды каникулға ертерек шығардық. 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникул жалғасады. Каникул кезінде мұғалімдердің мәселесі бар. Мұғалімдерге үйлерінде болып, қашықтан жұмыс істеуіне болады. Біз осыны ұсынып, барлық білім беру бөлімдеріне және мектеп директорларына осы ақпаратты жеткіздік», -деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп уақыт өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.

Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстан азаматынан коронавирус анықталды. 

Ал бүгін тағы екі азаматтың осы дертті жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 6 адамға жетіп отыр.