02 сәу, 2020 сағат 17:08

Елімізде күн сайын 1 млн маска, 85 мың литр дезинфекциялық құрал өндіріледі

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев Қазақстандағы медициналық маска мен дезинфекциялық құрал өндірісін баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Медициналық бетперделердің тәуліктік өндірісін 1 млн данаға жеткіздік. Атап айтқанда, күн сайын фармацевтикалық кәсіпорындар – 325 мың дана, тігін кәсіпорындары – 680 мың дана маска тігеді. Фармацевтикалық кәсіпорындар өнімі «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы таратылады. Ал тігін кәсіпорындарының 680 мың масканы жергілікті әкімшіліктер өздері таратады», - деді Қ. Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Сондай-ақ, елімізде күн сайын 85 180 литрден астам дезинфекциялық құрал шығарылады. 

«Қазіргі уақытта қоймаларда 158 380 литр дезинфекциялық құрал бар. Дәріхана желілерін, көшелер мен үй-жайларды дезинфекциялау үшін 65 109 литрі тиелген. Яғни, біздің ішкі зауыттарда дезинфекциялық құрал толық шығарылады. Қанша көлемде дезинфекциялық құрал керек болса, соншалықты шығаруға мүмкіндігіміз бар», - деді ведомство өкілі.