18 там, 2016 сағат 13:24

Елімізде ҚТЛ-дерді тексеретін жұмыс тобы құрылды - Сағадиев

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазақ-түрік лицейлері туралы жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. 

"ҚТЛ-дер туралы, лицейлеріміз туралы айтқым келеді. Президенттің тапсырмасымен БҒМ-де жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастап кетті. Біз түрік тарапымен байланысты жұмыс істейміз. Бірақ мұның оқу процессіне қатысы жоқ. Олар біздің қазақстандық мектептер, біздің стандарттармен білім береді. Біз оларды бірнеше рет тексергенбіз. Оларға айтар шағымымыз жоқ. Лицейлер осыған дейін қалай жұмыс істеп келсе, бұдан кейін де солай жұмыс істейтін болады", - деді тамыз жиналысы барысында Сағадиев. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы түрік лидерімен кездесуінде Қазақстанда Анкара оппозициялық ислам уағызшысы Фетхуллах Гүленмен байланысы бар деп есептейтін барлық мектептің тексерілетінін мәлімдеген болатын. 

"Бұл мектептер мемлекеттің бақылауында. Біз Түркияға қауіп төндіретіндерді қолдамаймыз. Бұл біздің мүддеміз емес. Осы мектептердің барлығын тексереміз деп келістік. Егер олардың байланысы (Гүленмен) дәлелденсе, біз мұғалімдерді ауыстырамыз. (...) Егер олардың арасында терроризммен байланысы барлар болса, Түркияның талабына толықтай жауап береміз", - деп мәлімдеген еді Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында. 

Ердоғанның айтуынша, ол Назарбаевқа Гүленмен қатысы бар делінген 33 мектептің тізімін берген, сонымен қатар ол осы мектептердің қызметіне алаңдаушылық білдіріп, "Қазақстаннан осыған байланысты қадам" күтіп отырғанын мәлімдеген еді. 

Айта кетейік, Қазақстанда 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар. Түркияда 16 шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін түрік билігі қазақ-түрік лицейлерімен байланысы жоқ екенін мәлімдеген болатын. 

Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерінің жұмысы жалғасатынын мәлімдеді. "ҚР БҒМ еліміздегі ҚТЛ қызметіне қатысты өзінің ресми ұстанымын жеткізеді: бұл білім беру мекемелері (Қазақстанда 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар) бұрын қалай жұмыс істесе, алдағы уақытта тура солай жұмыс істейді, оқушылар мен ата-аналарға басқа мектеп іздеуге тура келеді деп сақтануға себеп жоқ", - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.