Фото: El.kz
Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. АЭА Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасқан 550 гектар аумақты қамтиды. Арнайы экономикалық аймақ аясында салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылып, арнайы құқықтық режим енгізіледі, деп хабарлайды Ult.kz.
2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 150 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Оның 80 млрд теңгесі шетелдік салым болмақ. Сонымен қатар тауар өндіру мен қызмет көрсету көлемі 500 млрд теңге деңгейінде болады деп болжануда.
Қазақстандық қамту үлесі 90 пайызға дейін жетіп, 25 жыл ішінде 3 366 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ мультимодальды әуе хабтарын дамыту және кеден заңнамасы талаптарын іске асыру аясында «Оңтүстік», «Астана – Технополис», «Сарыарқа», «Alatau» және «Ақтөбе» АЭА-ға порт аймақтары мәртебесі берілді.