Қоршаған ортаға шығарылған эмиссия үшін жылына орташа есеппен Қазақстанда 60-70 млрд теңге салық жиналады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа экологиялық кодекс арқылы бұл қаражатты экологиялық мәселелерді шешуге бағыттауды көздеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа экологиялық кодекстің жаңашылдықтарының біріне тоқталайын: қазіргі уақытта жергілікті бюджеттерге қоршаған ортаға шығарылған эмиссия үшін орташа есеппен 60-70 млрд теңге салық жиналады. Экологиялық кодекстің жобасы осы қаражатты аймақтарды ескере отырып, экологиялық мәселелерді шешуді көздейді. Қазіргі таңда жоғарыда аталған соманың бар болғаны 10 пайызы экологиялық қажеттілікке жұмсалып келеді», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.
Вице-министр сонымен бірге, жаңа кодекс арқылы экологиялық нормалау жүйесін жетілдірмек. Яғни, кезең-кезеңмен қоршаған орта нормативтерінің сапасын жақсарту жоспарланған.
«Бүгінгі күні бәріміз Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті концентрацияны пайдаланымыз. Бұл шекті концентрация тек адам денсаулығына әсері тұрғысынан ғана есепке алынады. Демек, кәсіпорынның бүкіл қоршаған ортаға тигізетін ықпалы ескеріле бермейді. Қоршаған орта сапасының нормативтері толығымен белгілі бір кәсіпорынның халық денсаулығына да тигізетін әсерін есепке алады», - деді Ахметжан Пірімқұлов.
Оның айтуынша, экологиялық тәртіпті бұзғандар үшін әкімшілік айыппұл мөлшері өседі.
«Орташа есеппен экологиялық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұл қазіргімен салыстырғанда 10 есе өседі», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ахметжан Пірімқұлов желтоқсан айында Парламентке енгізілетін жаңа экологиялық кодекс жобасы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейтінін хабарлаған еді.