Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Төтенше Жағдайлар Министрлігінің мәліметінше ағымдағы жылғы өрт қауіпті кезең басынан бері 33 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе аз деп хабарлайды Төтенше Жағдайлар Министрлігі.
ТЖМ мәліметтері бойынша, жалпы еліміз бойынша ірі өрттермен күресу үшін 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника әзірлікте тұр. Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты, оның ішінде су төгу құрылғылармен жабдықталған 9 борт тұрақты дайындық режимінде. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Ел аумағында қоғамдық бірлестіктер нысанында барлығы 241 ерікті өртке қарсы құралым және 720 өрт сөндіру бекеті құрылды. «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен 175 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. ТЖМ оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 қызметкері оқытылды. Орманды дала алқаптарында алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 920 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ТЖМ азаматтарды орманды-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.