19 қаз, 2021 сағат 17:31

Елік атқан аңшы бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды


Жамбыл ауданы аумағында табиғатты қорғау бөлімінің полицейлері заңсыз аң аулаумен айналысқан 39 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Арнайы рейд барысында Ынтымақ ауылының маңындағы аңшылық алқап аумағында қолына түскен азамат Ресей Федерациясының тумасы болып шықты. Ол тиісті рұқсаты жоқ болғанына қарамастан заңсыз аң аулаған.

«Ер адам өзінің мылтығымен 2 Сібір елігін заңсыз атып алған. Осылайша жануарлар әлеміне 2 083 500 теңге көлемінде зиян келтірген. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша тергелді. Барлық заттай дәлелдер тәркіленді. Ұсталғаннан кейін аңшы сот алдында жауап берді. Сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, аң аулаумен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», - деді Алматы облыстық полиция департаменті өкілдері.

Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері үнемі аң және балық аулау ережелерін сақтау, браконьерлік фактілердің алдын алу бойынша рейдтер жүргізеді. «Бұл іс-шаралар мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп өткізіледі. Жыл басынан бері облыста 132 қылмыстық іс қозғалып, 1033 табиғат қорғау заңнамасын бұзу әрекеті анықталды», - дейді Алматы облысы полиция департаменті табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы, полиция майоры Серік Байғозинов.