Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін әлеуметтік желі арқылы сауда жүргізетіндерге табыс салығы салынбайды. Қаржы министрлігі электронды сауда бизнесінің өкілдеріне осындай жеңілдік беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдан бастап салық заңнамасына біршама өзгерту енгіздік. Соның ішінде табыс салығы бойынша 0 пайыз ставкасын қолданамыз. Электронды саудамен айналысатындарды бизнес өкілдерін көлеңкеден шығару үшін салық заңнамасы бойынша жеңілдіктер беріп жатырмыз. Біздің ойымызша, әлеуметтік желі – келешекте табыстың орасан зор көзі болары анық», - деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Комитет өкілінің айтуына қарағанда, электронды алаңда қазіргі таңда арнайы бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Осындай санатта бизнеспен айналысатындарды тіркеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірақ, қадағалау және бақылау жұмыстары болашақта атқарылады. Әзірге тіркеу бойынша тек насихаттау жұмысын қолға алдық», - деді ол.
Еске сала кетсек, осы жылдың басында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда электронды сауданың көлемі артып келе жатқанын атап өткен болатын.