Әлем елдерінің әскери қуаттылық бойынша рейтингінде Қазақстан 140 елдің ішінде 62-орынды иеленді, деп хабарлайды finprom.kz.
Ел индексі – 1,0286. Рейтингінің мінсіз бағасы – 0,0000. Индекс мәні неғұрлым аз болса, елдің жауынгерлік әлеуеті соғұрлым мықты деп саналады. Тізімде АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония көш бастап тұр. Көршілерінің арасында Ресей мен Қытайдан басқа, ҚР-ға қарағанда Өзбекстанның әлеуеті жоғары.
Сонымен қатар Түркіменстан, Қырғызстан сияқты елдер Қазақстаннан артта қалған. Бутан, Косово және Либерия рейтинг соңында тұр. Айта кету керек, рейтингіде елдердің ядролық әлеуеті бағаланбады.
Рейтинг индексті анықтау үшін әскери қуаттылық пен қаржыдан бастап материалдық-техникалық мүмкіндіктер мен географияға дейінгі 50-ден астам жеке факторларды есепке алған.
Материалдық-техникалық мүмкіндіктер жағынан алғанда, Қазақстанда 238 ұшақ, 300 танк, 1200 бронетехника, 124 сауда флоты, 5 порт және сауда терминалы, 96 әуежай бар. Елдегі ұшақтардың ішінде 80 жойғыш, 75 тікұшақ бар (олардың 22-сі — жауынгерлік тікұшақтар).
Рейтинг деректері бойынша, елде 167 мың әскери қызметші бар, бұл елдегі жалпы халықтың 0,9%-ын құрайды. Еліміздің сыртқы қарызы 2021 жылы 167,5 миллиард АҚШ долларын құрады (140-тың ішінде 38-орын).
Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы негізгі капиталға 1,8 млрд теңге салынды. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда бірден 66,7%-ға азайған.