18 қар, 2016 сағат 15:50

Елбасының еңбегі қандай құрметке де лайық

Теңгенің мерейтойлық банкнотында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеленуін Қазақстан азаматтары қызу қолдауда. Біз Сенат Төрағасының орынбасары Бектас БЕКНАЗАРОВТЫҢ ой-пайымын жазып алған едік.

– Бектас Әбдіханұлы, әуелі ұлттық валютамыздың қоғам өміріндегі рөлі туралы айтып берсеңіз?

– Кез келген мемлекеттің қалыптасуы мен оның даму тарихы сол мемлекеттің міндетті рәміздерінің бірі болып табылатын ұлттық валютасы тарихымен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан, біз еліміздің 25 жылдық тәуелсіздік тарихы туралы сөз қозғағанда, оның ұлттық валютасына да тоқталып өтетініміз заңдылық.

Жуырда ғана біз еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің символы – Ұлттық валютамыздың дүниеге келген күнін атап өттік. Нарықтық жүйені жүзеге асыра бастаған Қазақстан үшін өткен ғасырдағы сол 1991-92 жылдар ақша жүйесінің тұрақсыздығын әбден бастан кешірген қиын жылдар болды. Қазіргі жас буын оның бәрін кітаптан оқып білсе, біздер оны өзіміз бастан кешірдік.

1993 жылдың қараша айында өз теңгеміздің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз еліміздің жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Мен өз отбасым туралы айтсам, зайыбым банк қызметкері болатын. Ақша ауысады, енді біз өз теңгемізді пайдаланамыз деп жүрген сол күндері ол тәуліктеп жұмысынан шықпайтын. Түн ортасында жұмысынан келгенде, құнсыз қағазға айналған «ағаш ақшаның» есебін миллиардтап санағанын айтып келетін. Ал енді жап-жаңа теңге банкноттары қолымызға тигенде, оны қалай ұқыптап ұстағанымыз, өз ақшамыз үшін кеудемізді қандай мақтаныш кернегені де есімде.

– Төл теңгемізді енгізудегі Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі қандай? Мерейтойлық банкнотқа Елбасы бейнесінің салынуына қалай қарайсыз?

– Кеңес өкіметі тараған соң көп ұзамай ұлттық валютамыздың айналысқа енгізілуі Елбасымыздың стратегиялық көрегендігі екендігі даусыз. Теңге туралы сұрақты Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарымен қатар көтеріп, көптеген ұйымдастыру мәселелері сол алғашқы кезеңде құпия жүргізілгенін біз кейін білдік. Теңгені жасаудағы Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегін әрқайсымыз, әрине, жақсы білеміз.

Ал енді бүгін өзіміз көріп отырған­дай, Мемлекет басшысы бейнесінің мерей­тойлық банкнотқа басылып шығарылуы – бүкіл халқымыздың Елбасына деген ерекше құрметінің көрінісі деп білемін. 25 жылдық тарихында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басқаруымен біздің еліміз алдына небір жоғары дәрежелі мақсат қойған дамыған мемлекетке айналды. Бірлік пен келісімнің арқасында еліміз саяси тұрақтылықтың тұғырында, жоғары экономикалық және әлеуметтік өрлеуге жетті.

Осының бәрі оңай болды деп ешкім айта алмайды. Тәуелсіздігімізді енді жариялаған жылдардағы елдің басынан өткен тар жол – тайғақ кешулер бүкіл Қазақстан халқына ауыр сын болғаны аян. Осы бір күрделі кезеңде барлығымыз ел Президентіне сендік, оның елді барлық қиындықтардан аман алып шыға алатынына күмәніміз болған жоқ. «Мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адамының болғаны жеткілікті» деген ойшыл Вольтердің сөзі бар. Осы айтылған «ұлы адам» – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Экономикасы мен қаржылық жағдайы ең мықты деген елдердің өзі қазір әртүрлі саладағы дағдарыстарды бастан кешіп жатыр. Өкінішке қарай, мұндай жағдай Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бірақ бізде бұл жағдайдан алып өтер «Ұлт жоспары» бар, бағытымыз анық және айқын. Заманында ғұлама Конфуций «Алысын болжай алмаған адамды жақын қатерлер күтіп тұрады» деген екен. Елбасымыз біздің алдымызға «Мәңгілік Ел» болу мақсатын қойды, қазір бүкіл қазақстандықты осы мақсатқа қызмет етуді үйлестіріп жатыр. Алысын болжай білу деген – осы! Ендеше, осы мақсатқа жетер еңбегіміз жемісті болсын.

– Айтқаныңыз келсін!

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»