Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзге құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шараларды атқарып жатқанын баяндады.
Қазақстан Президенті алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» көрмесімен қатар әлемдік деңгейдегі басқа да ауқымды шаралар өтетінін еске салды.
- Биыл бірқатар халықаралық іс-шаралар болады. Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, парламент мүшелері, сондай-ақ шет елдерден және өз елімізден туристер көптеп келеді деп жоспарланып отыр. Осыған орай, сол іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудару керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы басқа елдерде болып жатқан террорлық актілерге тоқталып, ондай жайттарға жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізу, соның ішінде шет елдердегі әріптестермен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін айтты.
К.Мәсімов Елбасыға мұндай ауқымдағы іс-шараның қауіпсіз өтуі, сондай-ақ терроризммен және діни экстремизммен күрес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, басқа да құқық қорғау органдарының ұдайы бақылауында болатыны жөнінде мәлімдеді.