17 нау, 2017 сағат 17:20

Елбасы мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру жарияланды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. 

"Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылдың наурыз - маусымында және қыркүйек - желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Президент жарлығы Ақорданың сайтында жария болды.

"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2017 жылдың наурыз - маусымында және қыркүйек - желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.

2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2017 жылдың наурыз - маусымында және қыркүйек - желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.

3. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2017 жылдың наурыз - маусымында және қыркүйек - желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын", - делінген Жарлықта.

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.