29 мау, 2022 сағат 17:15

Елбасы мәртебесін алып тастау туралы заң қашан қабылданады?


Елбасы мәртебесін алып тастауды көздейтін заң осы жылдың соңына дейін қабылданады. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер спикерден Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесіне қатысты референдумда мақұлданған түзетулер қашан қабылданатынын сұрады.

"Біз күзде қарастыруға кірісеміз. Жыл соңына дейін қабылдауымыз керек. Президент біздің алдымызға осындай міндет қойды", - деді Қошанов.

Айтуынша, Әділет министрлігінде конституциялық және басқа да заңдарға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобы құрылған. Мәселе осы жұмыс тобы аясында қаралады. Заң жобалары әзірге Мәжіліске түспеген.

Еске салсақ, 5 маусымда Қазақстанда конституциялық түзетулер бойынша бүкілхалықтық референдум өткен болатын. Еліміздің негізгі заңынан "Тұңғыш Президент туралы" заңды жою арқылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталады.

Сондай-ақ қабылданған түзетулерге сәйкес Конституцияның 42-бабынан Тұңғыш Президентке Мемлекет басшысы лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталады. Ал 46-баптан Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және тиісті Конституциялық заңмен айқындалатыны туралы тармақ алынып тасталады.

Өз кезегінде 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент туралы тұжырым және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынады.