03 ақп, 2017 сағат 15:21

Елбасы бизнесмендерді жасырын бопсалап жүрген органдарды тексеруді тапсырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендерге себепсіз қылмыстық іс қозғаған органдардың қызметкерлерін жұмыстан босатуды талап етті, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Тек соңғы екі жылда мемлекеттік кіріс органдарымен 17 мың қылмыстық іс қозғалды. 17 мың іс қозғадыңыздар, алайда оның 9 мыңы бойынша қылмыстық құрамның болмауына байланысты өндіріс тоқтатылды. Оны кім істеді?», - деп тоқталды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Өз кезегінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылы бұл проблема бойынша Бас прокуратурамен тыңғылықты талқылау жүргізілгенін атап өтті. «Қылмыстық істің жартысынан көбі, яғни 9 мыңы бекерге қозғалған. Адамдарды ары-бері күнде тексеріп, жауап алып, тергеу жүргізіп, мазасын алып, беделін түсіріп кетті», - деп сынады ведомствоны ҚР Президенті. Сонымен қатар Бас прокурор Жақып Асанов өткен жылы екінші жартыжылдыққа қарағанда, бірінші жартысында  қылмыстық істер 10 есе артық қозғалғанын атап өтті. «Бірінші жарты жылда 6 мың қылмыстық іс қозғалды, ал екіншісінде 600-ден кемдеу. Бірінші мен екінші жартыжылдық арасында біз бұл мәселені қарастырдық, осы орайда шынымен де теріс әрекеттер өте көп болған. Осы мәселеде қылмыстық процестің бұл бөлігінде кез келген кәсіпкерге қылмыстық іс қозғау үшін мүмкіндіктер болды, ал қазіргі кезде оның барлығын сүзгіден өткізгендіктен, 10 есе кеміді», - деді Ж. Асанов.

Бұл есепті тыңдағаннан кейін Н. Назарбаев қылмыстық істер негізсіз қозғалған жағдайда, айыпты қызметкерлерді құқық қорғау органдарынан босатуды талап етті.

«Бұл бизнесмендерді бопсалаудың жасырын түрі. Адамдарды қорқытып, қылмыстық іс қозғайды. Кейіннен ол (бизнесмен) барлығын істеуге дайын болады. Осындай әрекетке барған құқық қорғау немесе салық органдарының қызметкерлер жұмыстан босатылуы тиіс. Не үшін 9 мың іс босқа қозғалған. Енді бұл қызметкерлер кім екенін тексер», - деді Елбасы Бас прокурорға қаратып айтқан тапсырмасында.