09 қыр, 2022 сағат 18:23

Ел тарихы өркендеумен өріледі


Кезекті Жолдауда басты назар салатын дүние ретінде ұрпаққа қамқорлық жайын айтар едім. Әуелі 18 жасқа толғанынша балалар есебіне Ұлттық қордан қаржы аударудың жөнді шешім болғаны анық. Сондай-ақ, балабақшалардан бастап, орта білім, жоғары оқу орындарының мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, зер салынғанын аңғардық.

Саналы ұрпақтың қалыптасып, ел дамуының кепілі болуында білім беру саласының маңызы айрықша. Келешек тарих бәрінен бұрын ұрпақтың қолымен өріледі. Сондықтан олардың отбасында алатын тәрбиесі, балабақшадан көретін тәлімі, мектеп қабырғасында жиятын білімі мен үлкен өмірге қадам басар алдында, білікті маман болып қалыптасар кезінде оқығаны сапалы болғаны абзал.

Биыл ұлттың ұлығы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңына тұспа-тұс келген мемлекеттің жаңа бастамалары жемісті боларына үміттенемін. Талай тарихи кезеңдердің тезінен өткен елдің келешектегі жолы бұрынғыдан басқа, жақсы бағытта болуы тиіс. Мұның бәрі жаңа тарихтың қалыптасуында ықпал етеді.

Ең алдымен халықтың әлеуметтік жайын әр кезде де ұмыт қалдырмауымыз қажет. Ол үшін саяси құндылықтардан бастап, бергісі ұлттық құндылықтарды қадірлеп, дұрыс негізде дәріптей алуымыз маңызды. Мемлекет жері, оның қазба-байлығы халықтың меншігі болып саналатыны жиі айтылып жатыр. Ел игілігі жолында атқарылған әрбір істің бағасы қымбат екені даусыз.     

Жамбыл Артықбаев,

тарих ғылымының докторы