18 қар, 2016 сағат 15:43

Ел бірлігін ұлықтаған этноауыл

Ерке Ертістің сол жағалауынан орын тепкен Этноауыл қазір өскемендіктердің мақтанышына айналды десе де болады. Келген қонақтарға ұялмай көрсететін қаладағы бірден-бір мәдени орындардың бірі де - осы. 

Өңірімізді мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыстың татулығын паш етіп, ынтымақты береке-бірлігін ұлықтаған Этноауыл тек облыстағы емес, тұтастай Қазақстанда жүзеге асырылған тұңғыш бірегей жоба.

Салынғанына небәрі бес-алты жылдың ғана жүзі болса да, Шығыстағы Этноауылдың аты алысты шарлап кетті. Тіпті өзге облыстардан емес, алыс-жақын мемлекеттерден ат арытып келген қонақтардың өзі таңдай қағып, тамсанып жатуы тегін емес. Қонақтардың арасында Этноауылды «БҰҰ-ның шағын көшірмесіне» ұқсатып жататындар да кездесіп жатады. 

Шынында да, түтіні түзу ұшқан, қаймағы бұзылмаған берекелі, бейбіт елде ғана осындай ғажап кешен бой көтерсе керек. Жалпы тарихта бір ұлттың бір ұлтқа қысым көрсетіп, қудалаған, тіпті тарих сахнасынан ығыстырып тастауға тырысып, теперіш көрсеткен оқиғалары көптеп кездеседі. Тағдырдың айдауымен туған жерінен қуылған қаншама ұлт пен ұлыс өкілі қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Өсті, өркендеді, тамыр жайды. Этноауыл – сол берекесі мен ынтымағы жарасқан елдің символы іспеттес. Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдағы тыныштық пен тұрақтылықтың жемісі.

Этноауыл орналасқан аумақтың бұрын қоқыс төгетін алаң болғанын қазір көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Ниет пен ынта болса, тақыр жердің өзін гүлге айналдыруға болады екен. Бүгінде елдегі береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың белгісіндей болған Этноауыл тек шығысқазақстандықтардың ғана емес, бүтіндей еліміздің мақтанышына айналып отыр. Ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін мұндай орынды азуын айға білеген елдердің өзінен кездестіре қою неғайбыл. 

Ал енді өскемендіктердің ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған Этноауыл қалай бой көтерді? Осындай керемет кешенді тұрғызу кімнің ойына келді? Енді осыған аз кем тоқтала кетсек дейміз. 

Өскемендегі сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты мұражай-қорығының директоры Николай Зайцевтың айтуынша, Этноауыл салу жөніндегі идея Орынборда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық әріптестік жөніндегі алтыншы форумнан кейін пайда болыпты. Тамаша бастама Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығы тарапынан да бірден қолдауға ие болған. Жақсы ойды тез жүзеге асыруға облыстағы этно-мәдени бірлестіктің өкілдері де, шағын және орта бизнес өкілдері мен зиялы қауым да бел шеше кіріскен екен. Кейбір елдерде құрылысқа қажетті жер телімін бөлу ісінің өзі екі жылға дейін уақыт алатын болса, ал Өскеменде Этноауыл салу мәселесінде ешқандай кедергі болмаған. Этнографиялық кешен рекордты қысқа мерзімнің ішінде салынады. Кешен құрылысына берілетін жер телімі жөніндегі құжаттар 2010 жылғы 21 маусымға қарай әзір болып, ал 25 маусымда түпкілікті бекітіледі. Тіпті құрылыстың қарқынды жүргені соншалық этникалық ауылдың бірінші кезегі бар-жоғы 28 тәулік ішінде салыныпты. Нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған келесі VІІ форум Өскеменде өтеді. 2010 жылдың 6-қыркүйегінде елімізде баламасы жоқ осынау кешеннің тұсауын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі кесіп, қонағы болады. 

Жалпы, елдегі ұлтаралық татулық пен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жарқын бастамалар Шығыс өңірінен бастау алып жатады. Күннің шығыстан рауандап ататыны сияқты, бейбітшілікті ту етіп, достықты дәріптейтін шаралардың Шығыстан бастау алып жатуы да заңдылық секілді. 1992 жылы Өскеменде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен еліміздегі алғашқы Достық үйі ашылған болса, «Достық керуені», «Достық пен бейбітшіліктің жол картасы» секілді акциялар да Өскеменнен басталып, республикамыздың өзге өңірлерінде жалғасын тапты. Сондай-ақ Этноауыл жобасы да алғаш рет Шығыста қолға алынды. 

Бүгінде Этноауыл тек сейіл алаңы ғана емес, рухани-мәдени орын. Тіпті халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі игілікті іс-шаралар да осы Этноауылда өтіп жатады. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі Өскеменге келген сапарында Этноауылдың қақ төрінде орналасқан қазақтың он екі қанат ақ ордасында аймақтың зиялы қауымымен, орта және шағын бизнес өкілдерімен, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілерімен кездесу де өткізді. Кейіннен сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев журналистерге берген сұхбатында Елбасының кездесуді Этноауылдағы киіз үйде өткізуі бекер емес екенін, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз – Нұр-сұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұлтаралық келі¬сімді нығайту жөніндегі саясатының же¬місі екенін айтқаны есімізде. Сол жолы Мемлекет басшысы этноауыл¬ды аралап көріп, өңір¬дегі Этномәдени бірлестіктердің жұ¬мы¬сына ризашылығын да білдірген болатын. 

Иә, жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері мекен етіп жатқан қасиетті Шығыс өңірі достыққа әрқашан да берік. Қазіргі таңда он гектардай аумақты алып жатқан Этноауылда облыста тұратын халықтардың ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басындағы 12 қонысы мен жеке тұрған 6 нысан орналасқан. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы дәулетті қазақ үйінің өзі бес бөлмеден тұрады. Екі еңісті жайпақ төбесіне топырақ төгілген, терезесінің кәсектері шыныланған отырықшылдық тұрғын үйге тошала жапсарлас тұр. Ал дәстүрлі татар қонысы жобасына Қазан татарларының екіеңісті тақтай шатыры бар ағаш шеген үйі негізге алыныпты. Аула жақтағы сенектен кіретін қатар екі есіктің орналасуы және терезелерде қақпақтардың болмауы үйдің ерекшеліктеріне жатады. Үй екі бөлмеден және салқын сенектен тұрады. Бір бөлме «қара үй» – әйелдер жағы, ал екінші «ақ үй» – қонақ бөлме. 

Этноауылдағы XIV-XVII ғасырлардағы шешендердің тұрғын мұнарасы да келушілер назарын өзіне бірден аударады. Тұрғын үйдің мұндай үлгісі Шешен Республикасының таулы аудандарына тән көрінеді. Оның пайда болу себебі – өздерін-өзі қорғау, қорғану қажеттігінен туындаған. Тастан қаланған, биіктігі 12 метр болатын көлемді үшқабатты мұнараның бірінші қабаты (божал – қора) малға, астық сақтауға және жерқоймаларды орналастыруға арналған болса, екінші қабаты – әйелдер бөлігі (зудари чё) – тағам әзірлеп, ас ішетін үйжай, ал үшінші қабат – ерлерге (божари чё) арналған екен. Қабаттарға едендегі тар тесік арқылы ағаш баспалдақ қойып көтеріледі. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы еврей үйі төрт бөлмеден: салтанат, жатын, асүй мен бала бөлмелерінен тұрады, олардың есіктері анфиладалы түрде орналасқан. Бұл еврей үйінің ерекшеліктерінің бірі. Салтанат бөлмесіндегі шығыс жақ қабырғада сыланбаған учаскенің болуы екінші ерекшелікке жатады, ол қираған Иерусалим храмын еске салады. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы дәстүрлі корей үйі (ханок) ағаштан, тастан, балшық секілді табиғи материалдардан тұрғызылыпты. Жылу беретін бірегей жүйе (ондоль) тұрғын жайдың ерекшелігі болып табылады. Корейлер ши тоқыма немесе жұқа матрас төсеп, жылы ағаш еденде жатуды немесе отыруды ұнатқан. 

Қорық-мұражайдың директоры Николай Зайцевтің айтуынша, Этноауылдағы қонысжайлар мен ондағы заттардың барлығы да тарихи шындыққа сәйкес келетін көрінеді. Үйлердің құрылысы мұрағаттар мен ғылыми әдебиет материалдары бойынша жүзеге асырылған. Ғимарат пен аула, жиһаздар, тіпті сол ұлттың киіміне дейін ғылыми тұрғыдан әбден зерттеліп, зерделеніп, тура өмірдегідей орналастырылыпты. Барлығы да атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан жәдігерлер. Тіпті кейбір жәдігерлердің бір ғасырдан астам тарихы бар. Н.Зайцев Этноауыл о баста ойын-сауықтық емес, этностардың тұрмысы мен мәдениетін зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы ретінде салынғанын айтады. Мұнда келушілер ата-бабаларының қалай тұрғаны, қандай тіршілік кешкені туралы мол мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, мұнда мерекелер мен басқа да маңызды оқиғалар барысында ұлттық тағамдар әзірлеуді үйренуге де жағдай жасалған.

Бүгінде Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығына қарайтын Этноауыл өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Ел бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын мұндай жобалардың өміршең болатыны да сөзсіз. 


Мейрамтай Иманғали, "Дидар" газеті