01 сәу, 2020 сағат 11:27

Ел басына күн туғанда

Әлемнің басына түскен сынақ Қазақстанды да айналып өтпеді. Күдік пен үміт таразыға түсіп тұр. Біз қазір коронавирусқа қарсы күрестің жалпыұлттық сипатқа ие болғанына куә болып отырмыз.  Қуанып отырмыз деген артық шығар, билік пен бұқараның бірігіп, төтеннен төнген қауіпке қарсы тұрғанына сүйінбеске болмас.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері қызмет барысымен Алматы мен Алматы облысының аумағын аралаумен жүрміз. Бастапқы да байқағанымыз: жұрт көңілінде алаң мен дүрлігу басым еді. Қазір ел біртоға сабырлы. Қаланы карантинге жапқан алғашқы күні абдыраған адамдар Алматы әкімі мен облыс әкімінің бақылау бекеттеріне барғанын көріп, бір-бірін сабырға шақырып жатты. Демек, тұрғындар ең алдымен билікке сенім артады деген сөз. Ертесі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласының шекарсына қойылған блокпостқа барғаны жайлы ақпарат алаңдаулы көңілді басып, сенімді ұлғайтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен кейін бұқара халық қана емес, саяси элита, оның ішінде қалталы азаматтар індетпен күресуге бірігіп, қаржы бөліп жатыр. Мұның бәрі ел басына күн туғанда ортақ мақсатқа жұмылудың үлгісі. 

Індет іргеден алыстар. Ұлы дала мен нұрлы қалада қалыпты тіршілік ырғаққа түсер. Сол күндерде қазақтың, Қазақстанның  бірлігіне бәріміз сүйсініп, болашаққа айтып жеткізер үлкен іс атқарғанымызды ұғармыз. Сол мезетке төрт көзіміз түгел жетейік!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі