2010-2021 жылдар аралығында қоршаған ортаға зиян келтіретін 126 мұнай ұңғымасының көзі жойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев орталық коммункациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде айтты.
«Қазақстанның геология саласын дамыту» тақырыбында баяндама жасаған вице-министр қоршаған ортаға зиян келтіретін мұнай ұңғымаларының көзі мемлекеттік бюджеті есебінен жойылып жатқанын айтты.
«Қоршаған ортаны ластайтын апаттық жағдайдады мұнай ұңғымаларын жою үшін 2010-2021 жылдар аралығында ел аумағында зерттеулер жүргізілген болатын. Зерттеу кезінде 132 апаттық мұнай ұңғымасы анықталды. Оның 126-сы мемлекеттік бюджет есебінен жойылды. Тағы 6 ұңғыманы жою қажет болып отыр. Ақтөбе облысында– 3, Атырау обылсында – 1, Маңғыстау облысында – 2 апаттық жағдайдағы ұңғыма бар. Аталған иесіз апаттың жағдайдағы ұңғымаларды жою 2023 жылы басталады», - деді Серікқали Брекешев.