10 қаз, 2020 сағат 12:10

Экология министрі жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев геологиялық зерттеулер жұмысының деңгейі мен өңірдің ресурстық базасының көрсеткіштерімен танысу үшін Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, экология министрі облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге металлургия, тау-кен, көмір кені, мыс өндірісі салаларындағы өнеркәсіп орындары басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді. 

Атап айтқанда, кездесуде «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «YDD Corporation» компаниялары өкілдері және тағы басқалар болды.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, Қарағанды облысы минералдық-шикізат базасының әлеуеті жоғары.

«Бұл жерде ірі тау-кен өндірістері бар. Соңғы 10 жылда өңірдің жер қойнауын пайдалануға тартылған инвестиция көлемі үш есеге өскен. Жер бетіне жақын кен орындарының қоры таусылуға жақын екендігін ескере отырып, Қарағанды облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологияларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Жаңа кен орнын табу мен оны қолданысқа енгізудің арасы 10-15 жыл болғандықтан бұл жұмысқа бүгін кірісу қажет», - деді М. Мырзағалиев жиын барысында.

Министр сонымен бірге өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға байланысты шаралардың маңыздылығына тоқталды.

«Облыстағы атмосфералық ауаның ластану проблемасы өте өзекті. Бұл сөзсіз ірі өнеркәсіптің жұмысына байланысты. Сондықтан өндірісті арттыра отырып, шығарындылардың көрсеткішіне де назар аудару керек. Мысалы, «YDD Corporation» ЖШС зауытында өндіріс тиімділігі көрсеткішінің жоғарылығы байқалады. Шығарындылар көлемі аз», - деп атап өтті министр.

Қазір Қарағанды облысында мемлекет балансында 51 мыс, 56 алтын, 32 қорғасын, 28 цинк, 36 марганец рудасы және 28 темір кен орындары бар. Тас көмір және қоңыр көмірдің негізгі қоры осында шоғырланған. Қарағанды көмір бассейні республикадағы металлургиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына кокс көмірін жеткізеді. 

«Мемлекет басшысы геологиялық барлаудың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді және минералдық шикізат базасын толықтыруды тапсырған. Бұл үшін геологиялық барлаудың 5 жылдық мемлекеттік бағдарламасы жасалады. Аталған бағдарлама еліміздің табиғи байлықтарын геологиялық зерттеу саласындағы барлық тапсырмаларды орындауға бағытталған аса маңызды құжат болады», - деп атап өтті министр.

Талқылау барысында минералдық шикізат базасы мыс, алтын, полиметалл және марганецті геологиялық барлау жұмыстарымен толығатыны айтылды.