Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экология министрі екі күндік жұмыс сапары барысында Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цехтың жұмысымен танысты. Мұнда жұмыс барынша автоматтандырылған және қоршаған ортаға тигізер әсері аз. Министр компания басшысына №1, 2 цехтардағы қалдықты 30% азайтып, өндірістік қоқысты кәдеге жаратуға тапсырма берді. Кейін Мағзұм Мырзағалиев су шаруашылығының жағдайын, ирригациялық инфрақұрылымды құру және жаңғырту жұмыстарының барысын білді. Мәртөк ауданында «Милкер» ЖШС-нің суармалы алқаптары мен «Рад-Агро» ЖШС-нің пайдалануға берілген «Тұрақты суармалаудың сыртқы инфрақұрылымын қалпына келтіру» нысанын аралады.
«Сіздерде бұл жұмыстың оң нәтижесі бар. Шруалар жерді игеріп, жоғышқа жинау көлемін ұлғайтып жатыр. Шикізатты қайта өңдеп, экспортқа шығаруда. Сондай-ақ, тауарлы-сүт фермасын дамыту жоспарда бар. Алда өңірдегі суармалы жерлерді 32 900 гектардан 69 967 гектарға дейін ұлғайту міндеті тұр», - деп атап өтті министр.
Қарғалы су қоймасын қарап шығып, сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін қалпына келтіру бағытындағы проблемалық сұрақтарды талқылады. Мағзұм Мырзағалиұлы Қобда ауданына да барды. Мұнда ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттырып, өңірді арзан жем-шөппен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа суару әдісі қолданылады. Дәл осы жоба Темір, Ойыл аудандарында жүзеге асырылуда. Қобда ауданының Жиренқопа ауылдық округінде министр 3631 гектар алқаптағы «Ақбалшық» суару жүйесін қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Мұнда қолданыстағы бөгеттерді, жағалаулар мен суды реттейтін құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жоба құны – 960 млн теңге. Облыс әкімі жобаны жүзеге асырудың жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымы барын жеткізді.
«Қосымша жұмыс орны ашылып, көлдетіп суару жүйесінің алқабы ұлғаятын болады. Бұдан түсім артып, мал және ауыл шаруашылығы дамиды. Нысандарды келесі жылдың тамыз айында тапсыру жоспарланған. Бірақ біз ұзақ уақыт күте алмаймыз. Келер жылы шаруалар нәтижесін көру үшін жұмысты биыл бітіруі керек», - деп тапсырды облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Сапар соңында министр облыс әкімдігінде өткен жиынға қатысты. Онда жұмыс сапарының нәтижесі талқыланып, өңірдегі эколгоиялық ахуалды жақсарту, ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша өзекті сұрақтар көтерілді.