Фото: Gov.kz
2025 жылғы 1 қазанда Мәжіліс кулуарында Қазақстанның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елімізде АЭС салуға арналған екінші ықтимал алаң анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, екінші атом электр станциясын салу үшін Алматы облысындағы Жамбыл ауданы таңдалған.
"Екінші станция да елдің оңтүстігінде салынады, өйткені бұл өңірде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Қазір ол жаққа энергия солтүстіктен оңтүстікке транзит арқылы жеткізіліп отыр. АЭС салу – электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырады. Біз бұл бағытта барлық мүдделі тараптармен және конкурстың қатысушыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қытайлық CNNC компаниясының пайдасына әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ бірінші станцияны салу бойынша ұсыныстар негізінде бұл компанияны басым мердігер ретінде қарастырып отырмыз", – деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, мердігерлердің жұмысына, техникалық шешімдерге және қазақстандықтардың белгілі бір жеткізушіге деген көзқарасына қатысты барлық мәселелер толық ескерілетін болады. Қазіргі уақытта бұл жөнінде Қазақстан Үкіметі түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
Сондай-ақ ол Алматы облысында екі АЭС салу жоспарланып отырғанын растады. Бірінші нысан – Үлкен аумағында болуы мүмкін, алайда бұл мәселе әлі зерттелу үстінде. Екінші нысан – МАГАТЭ стандарттарына сай таңдалады және ол да Балқаш жағалауында орналасатын болады.
