17 ақп, 2023 сағат 11:45

Екібастұздағы ерлі-зайыптының өлімі: Көршілері ЖЭО мамандарын кінәлайды

Фото: Рүстем Сыздықов /lifepvl.kz

Екібастұзда радиаторы жарылған үйде ерлі-зайыпты қаза болғаннан кейін көршілері жылумен қамтамасыз ететін компанияны "әрекетсіздігі үшін" кінәлады. Компания айыпты жоққа шығарады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

63 жастағы Александр Сергеенко мен оның әйелі 57 жастағы Анна осы аптада өздері тұрып жатқан жеке үйде өлі күйде табылған. Көршілері Азатыққа өткен айда ерлі-зайыптының орталық жылу жүйесіне қосылған батареяларынан су аққанын, олар "Екібастұзжылуэнергия" компаниясының апат қызметіне хабарласса да, мәселе сол күйі шешілмегенін айтты.

"Аня Сергеенко "Сұлтан, үйде су ағып жатыр" деп келді. Көршіміз ғой деп көмектескім келді, себебі күйеуі – бірінші топ мүгедегі. Көзі нашар көреді. Қарап көрдім. Батареялар түйіскен жерден су ағып жатыр екен. Жөндеу үшін әуелі көшеден суды жабу керек болды. Біз оған өз бетімізше тиісе алмаймыз" - дейді Сергеенколардың үйіне қарама-қарсы тұрған дүкен иесі Сұлтан Масадилов.

Оның сөзінше, ол стационарлық не мобильді телефоны жоқ Анна Сергеенкоға жылу электр орталығының апат қызметіне хабарласуға кеңес берген. Ал ол жақта әйелден кеңсеге хабарласуды өтінген.

Марқұмдардың тағы бір көршісі Николай Артюхов Сергеенконы кеңсеге апарғанын, ол жақта оған "ертесінде барамыз" деп уәде бергенін, бірақ сол күйі ешкім келмегенін айтты.

Масадиловтің айтуынша, Александр Сергеенко "Екібастұзжылуэнергия" компаниясына бірнеше рет хабарласып, көмек сұраған.

"Біз хабарластық, олар тағы уәде берді, бірақ келген жоқ. Сосын тағы хабарластым. Олар қысым төмен болғандықтан, ыстық суды тоқтата алмайтынын, егер тоқтатса, барлық батарея суып кететінін айтты. "Енді олар не істеуі керек, үйден ыстық су аға бере ме?" деп сұрадым. Олар рұқсат берген соң жөндеп беретінін айтты. Осылайша үш рет хабарластым, сол күйі келген жоқ" деді Сұлтан Масадилов.

Көршілерінің айтуынша, Александр мен Анна Сергеенколардың үйін су басып жатқанын 13 ақпанда өзін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерімін деп таныстырған ер адам көріп, полицияға хабарласқан.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, құтқарушылар мен коммуналдық қызмет жұмысшылары оқиға орнына барған кезде 1959 жылы туған ер адам мен 1965 жылы туған әйел адам өлі күйде табылған. Мамандар залда сымдары бүлінген электр жылытқыш тұрғанын көрген.

Ертесінде жүргізілген сот-медицина зерттеуінің алдын ала нәтижесі екі адам "ток соққаннан өлгенін" көрсеткен.

"Екібастұзжылуэнергия" компаниясының ресми жауабында ерлі-зайыптылар "мекемеге бір рет қана хабарласқаны" жазылған. Мекеме өкілдерінің айтуынша, 31 қаңтарда ерлі-зайыпты батареяны жөндету үшін жылу жүйесін өшіру туралы өтініш берген. Ертесінде мамандар мекенжайға барған кезде ыстық суды өшіре алмаған, себебі "орнатылуы керек арматура тиісті стандартқа сәйкес келмеген". Мекеме өкілдері "Сергеенколар жылу желісіне қайта хабарласпағаннан кейін мамандар аталған мекенжайға барған жоқ" деп жазған.

Ерлі-зайыптыны 15 ақпанда Александр Сергеенконың ұлы жерлеген. Ол журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Былтыр жылдың аяғында Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, жүздеген үй қақаған суықта жылусыз қалды. Ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендеді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Содан бері көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке үйлерге шектелген параметрмен жылу беріліп жатыр.

Апаттан кейін Қазақстан билігі елдегі жылу жүйелерінің 70-90 пайызға жуығы тозғанын мәлімдеген.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.