22 мам, 2024 сағат 12:10

Екі баласын тұншықтырып өлтірді деген қызылордалық әйелге қатысты сот басталды


Фото: Stan.kz

Түркістанда 3 жасар қызы мен 4 жасар ұлын өлтірді деген күдікке ілінген келіншекке қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат»  Stan.kz-ке сәлтеме жасап. 


Сотталушы 30 жастағы Бота Хамитова биыл ақпан айында Шымкент қаласындағы қонақ үйде ұсталған еді. Ол Қызылода облысы, Шиелі ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.


“6-ақпан күні түсте жұмысынан шыққан бетте балаларын алып, Түркістан қаласына келген. Сапарын алдын ала жоспарлаған әйел 10 мың теңгеге көлік те жалдап қойған және алдын ала таңдалған жалдамалы пәтерге жол тартқан. Түнгі сағат он бірлер шамасында ойын сауық орталығына балаларын апарған әйел, бірер сағаттан соң сол маңдағы пәтерге келеді. Алдымен балаларын ұйықтатып, кейін қызын және ұлын кезекпен дәлізге шығарып, тұншықтырған. Сөйтіп, түнгі бірде балаларды өлтіріп, өзіне де қол салмақ болады. Алайда ойынан айнып, таңертең Шымкентке шығып кетеді”, – делінген сот актісінде. 


Айыпталушы қылмысты күйеуі көңіл бөлмегесін, жоспарлап жасағанын айтқан екен. Ал, оның адвокаты есі дұрыс адам балаларын өлтірмейді деп психиатриялық сараптама тағайындауды сұрады.


“Жас баласын ешқандай ана өлтіруі мүмкін емес. Ол үлкен сұрақ. Қоғамның алдында тұрған үлкен мәселе. Осыған қатысты. Бұл бір емес, екі емес бірнеше рет кешенді сараптамадан өтсе дұрыс деп түсінеміз. Жан-жақты сот психиатриалық сараптама тағайындауыңызды сұраймыз”, – дейді Айнагүл Рүстемова.


Сотқа күдікті әйелдің күйеуі жәбірленуші ретінде қатысты.


Еске салсақ, бұған дейін Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылғаны туралы жазған едік. Қос бүлдіршінді өлтірді деген күдікке ілінген балалардың анасы Шымкент қаласында ұсталған еді.